назгүл мінездеме


М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің
жаратылыстану-география факультетінің 5В011600 «География және туризм» мамандығының ІV курс студенті Нұрханқызы Назгүлдің
А.Тайманов атындағы №34 мектеп- гимназиясындағы мемлекеттік педагогикалық сараманнан өтуі бойынша
Есебі
Мен, Нұрханқызы Назгүл 18.01-12.03.2016 аралығында А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясынан педагогикалық сараманнан өттім. Сараман кезінде 7«Ә»сыныбына сынып жетекшілік міндетін атқарып және география пәні бойынша машықтан өттім. Негізінен мектеп бір ауысымда оқиды. Ал түстен кейін қосымша сабақтар жүргізіледі. Мектепте түрлі үйірмелер жұмыс жасайды.
Алғашқы күннен бастап мектеп ұжымымен, оқу ісінің меңгерушісімен, сынып жетекшімен таныстым. Маған бекітілген 7«Ә» сынып жетекшісі география пәнінің мұғалімі Кенжегалиева Райса Еркиновна. Сынып информатика пәні бойынша тереңдетілген. Сыныпта 25 оқушы бар. Алғашқы күні сынып жетекшісі сынып оқушыларымен таныстырып, сынып тізімін, сабақ кестесін ұсынды.
Тұтас педагогикалық процеске қатысып, пән мұғалімдерінің сабақ беру әдіс –тәсілдерін бақыладым. Оқушылардың сабаққа қатысуын, тәртібін, психологиясын өзімше зерттедім. Бақылау кезінде сыныптың ұйымшылдығы, бір–біріне деген қамқорлығы, сабаққа деген белсенді әрекеттері қатты ұнады. Нұсқаулыққа сәйкес 7«Ә» сынып оқушысы Қажымұрат Асланды зерттеу нысаны ретінде таңдадым. Оның сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін, сыныптағы оқушылармен қарым –қатынасын, достары, ата –анасы, қызығушылығы жөнінен мәліметтер жинақтадым. Аслан толық емес жанұяда тәрбиеленіп жатыр. Мінезі ашық, жайдарлы, сабырлы. Достарымен қарым –қатынасы жақсы. Ортаға тез бейімделеді. Өз ойын анық, түсінікті жеткізе алады. Сүйікті пәні информатика. Бос уақытында компьютер ойындарын ойнағанды ұнатады.
7«Ә» сыныбына материктер мен мұхиттар географиясы пәні бойынша 25.01.-19.02.16ж. аралығында сабақ өткіздім. Өткізілген сабақ түрі: жаңа технология бойынша-2, практикалық сабақ-1, аралас сабақ-4. Жарыс, қайталау, саяхат, ойын түрінде сабақтар өткізілді. Көрнекілік құралдары ретінде интерактивті тақта мүмкіндіктерін, постерлер, суреттер, бейнежазбалар, слайдтар, үлестірмелі материалдарды, карталарды пайдаландым. Әрбір сабақ соңында оқушылармен кері байланыс жүргізіп отырдым.
9«А» сыныбына Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы пәні бойынша 24.02.-12.03.16ж. аралығында сабақ бердім. Өткізілген сабақ түрі: жаңа технология бойынша-1, практикалық сабақ-1, аралас сабақ-5. Сабақ барысын ойын, қайталау, талқылау, жарыс түрінде ұйымдастырдым. Көрнекілікке интерактивті тақта мүмкіндіктерін, карталар, плакаттар, үлестірме материалдар, бейнежазбаларды, суреттер қолдандым. Сабақ барысында тақырып бойынша оқушылардың ұсыныстары мен талаптарын ескеріп отырдым.
Сынып жетекші ретінде әр жұма сайын 7 «Ә» сыныбына тәрбие сағатын өткіздім. Тәрбие сағатының тақырыптары «Имандылық тәрбиесі –өзекті мәселе», «Дұрыс тамақтану –денсаулық кепілі», «Салауатты өмір –болашаққа жарқын жол», «Арулар –асыл жандар». Тәрбие сағаты барысында оқушылар берілген тапсырмаларды орындай отырып, өз ойларын нақты жеткізе алды. Әрбір өткізілген сабақ соңында жетістіктер мен кемшіліктер талқыланып отырды. Сонымен қатар ашық тәрбие сағатын ұйымдастырдым. 8 –наурыз халықаралық аналар мейрамына орай «Ана –өмірдің шуағы» тақырыбында өтті. Тәрбие сағатына оқушым Беріков Батыраханның анасы қатысты. Оқушылар өздерінің аналарына деген ақ тілектерін арнады. Өлең шумақтары оқылып, ән айтылды.
01.02.-06.02.2016ж. аралығында мектепішілік жаратылыстану бірлестігінің апталығы оздырылды. Апталық аясында ұйымдастырылған шараларға белсене қатысып, “Географиялық саяхат” атты бірнеше тапсырмалардан тұратын қабырға газетін әзірледік. Әр сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес қызықты сұрақтар мен ойындар дайындадық.
Сараман уақытында барлығы 14 сабақ, 5 тәрбие сағатын өткіздім. 22.02.2016ж. 7-8 сыныптар аралығында мектепішілік “Екі дүние бесігінде тербетілген- Оралым” атты сыныптан тыс шарамызды өткіздік. Жарысқа қала мектептерінің география пәні мұғалімдері қатысты. Оқушыларды «Азия» және «Еуропа» командаларына бөліп, жарысқа дайындап, бағыт –бағдар бердік. Сайыс соңында мұғалімдер өз ойларын, ұсыныстары мен тілектерін білдірді.
Сонымен қатар, өз сыныбымның мектепшілік кіші олимпиада мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуын қадағаладым. Әр жұма сайын күнделіктерін тексеріп, оқу үлгерімдерімен таныстырып отырдым. Ата –аналармен қарым –қатынас жасауды үйрендім.
Мектептің тәрбие бөлімімен де бірге жұмыс жасадым. Әр аптаның сейсенбісінде мектепішілік кезекшілік қызметін атқардым. Кезекшілік барысында оқушыларды түгендеп, мектеп формасы мен тәртіптің сақталуын қадағаладым.
Педагогикалық сараман барысында біраз нәрсе үйрендім. Мысалы: өз –өзіңді ұстау, сабырлы, салмақты болу, ұжыммен бірлесіп жұмыс жасауды әрбір істі тиянақты орындау, жауапкершілікпен қарау, оқушылармен, ата –аналармен дұрыс қарым –қатынас жасауды, әрбір айтылған сын –пікірлер мен талап –тілектерді қабылдай білу және т.б. нәрселерді білдім. Өзіме азық болатындай аз да болса тәжірибе жинақтадым. Сабақ барысында кейбір кезде жетіспес тұстар мен әттеген-айлар да болды. Қызықты қосымша мәліметтер мен тапсырмаларды орындауға уақыт жетпей қалды. Осы мемлекеттік сараман барысында алған білімім мен білігім болашақта кәдеме жарайтынына сенемдімін. Және де педагогикалық тәжірибемді алдағы уақытта одан әрі шыңдай түсемін.
Есеп беруші машықкер: Нұрханқызы Н.



Приложенные файлы

  • docx 14801747
    Размер файла: 18 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий